Қамқоршылық кеңес отырысы
Хаттама № 1
29.05.2025ж
Өткізілген орны: «№82 жалпы білім беретін орта мектебі» КММ
Уақыты: 18:00
Қатысқандар: Қамқоршылық кеңес мүшелері, мектеп әкімшілігі өкілдері
Төрағалық еткен:
Хатшы:
Күн тәртібіндегі мәселелер:
1. Қамқоршылық кеңестің жұмыс ережесімен таныстыру (директордың ОІЖО А.Қ.Аманғосов)
2. Әлеуметтік көмекке мұқтаж оқушыларды мектеп жанындағы «Балдәурен» жазғы демалыс лагерімен қамту туралы (Әлеуметтік педагог С.Қ. Шоқпарова)
3. «№82 жалпы білім беретін орта мектебі» КММ 2025-2026 оқу жылына арналған оқушылардың мектеп формасы туралы (директордың ОІЖО И.С. Мураталиева )
Тыңдалды
1 – ші мәселе бойынша мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Аманғосов А.Қ сөз алып, қамқоршылық кеңес отырысын ашып, кеңес мүшелігіне өтініш берген ата — аналармен танысытырып, кеңес құрамын бекітуді ұсынды, күн тәртібіндегі қаралатын мәселелермен таныстырды.
Талқыланды:
Аманғосов А.Қ: Құрметті қамқоршылық кеңес мүшелігіне өтініш білдірген ата — аналар, кеңес отырысын бастамас бұрын араларыңыздан қамқоршылық кеңес төрағасын және хатшыны сайлап алуды ұсынамын. Өзім төраға ретінде Ази Есентүгел Аманкелдіұлы мырзаны , хатшы ретінде ағылшын тілі пәні мұғалімі А.К Ешованы сайлауды ұсынамын. Кімнің қандай ұсыныс, пікірлері бар?
Сөз алды:
Утепбаева Э.Х: Менің ұсынысым Ази Есентүгел Аманкелдіұлы деген азаматты төраға есебінде сайласақ деймін. Тәжірибелерге сүйенсек, ер азаматтың төраға болып сайланғаны кеңестің ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмысында тұрақтылық пен жауапкершілікті арттырады. Сонымен қатар, мектеппен, ата-аналармен және басқа ұйымдармен байланысты нығайтуда, бастамаларды батыл көтеріп, шешім қабылдауда ер азаматтың үлесі жоғары болады деп есептеймін. Хатшылыққа ұсынылып отырған мұғалімге де қарсылығым жоқ.
Шайгазина А.М: Мен де Ази Есентүгел Аманкелдіұлы мырзаны төраға ретінде сайлау ұсынысын толық қолдаймын. Ол – жауапкершілігі жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті бар, мектеп өміріне бейжай қарамайтын азамат. Қамқоршылық кеңесінің алдағы жұмыстары нәтижелі болу үшін осындай тәжірибелі адамның төрағалық етуі өте маңызды деп санаймын. Сондықтан да бұл ұсынысты бірауыздан қолдауға шақырамын.
Кеңес мүшелері ұсынылған кандидаттарды қолдады.
Әрі қарай мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Аманғосов А.Қ алғашқы мәселе бойынша сөз алып, қамқоршылық кеңестің жұмыс ережесімен таныстырды:
-Қамқоршылық кеңес – бұл білім беру ұйымындағы қоғамдық бақылау мен қолдауды жүзеге асыратын алқалы орган. Ол мектептің дамуына ықпал ететін, ата-аналар мен жұртшылықтың пікірін ескеретін кеңесші, ұсыным беруші және бақылаушы құрылым.
Қамқоршылық кеңес білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын жақсартуға, сапалы білім алуға жағдай жасауға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ашық басқару жүйесін енгізуге бағытталған ұсыныстар мен қолдаулар жасайды. Қамқоршылық кеңестің қызметі келесі негізгі нормативтік-құқықтық актілерге сүйеніп жүзеге асырылады:
- «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы
– 44-бабы 9-тармағы: білім беру ұйымдарында қоғамдық бақылау мен қолдауды ұйымдастыру үшін қамқоршылық кеңестер құрылады. - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №355 бұйрығы
– «Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы».
Бұл ереже Қамқоршылық кеңестің құрылу тәртібі, өкілеттігі, міндеттері мен жұмыс формаларын нақты айқындайды. Қамқоршылық кеңес қоғамдық ұйым мәртебесіне ие және нормативтік шешім қабылдайтын орган болып табылмайды. Ол:
- Ұсыным береді,
- Кеңес ұсынады,
- Мониторинг жүргізеді,
- Ашықтық пен әділдікке қоғамдық бақылау орнатады.
Яғни, Қамқоршылық кеңес – консультативтік-кеңесші орган. Бірақ оның ұсынымдары білім беру ұйымының әкімшілігі үшін ескеруге міндетті қоғамдық пікір болып саналады. Қамқоршылық кеңес келесі бағыттарда жұмыс атқарады:
Ұйымдастырушылық және кеңес беру
- Мектептің даму жоспарын қарастырып, ұсыныстар береді
- Бюджет жобасын қарап, жариялылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді
Қоғамдық бақылау
- Қайырымдылық көмектің бөлінуін бақылайды
- Балалардың қауіпсіздігі, денсаулығы, тамақтануы мен құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізеді
Қоғаммен байланыс
- Мәдени-бұқаралық іс-шараларға атсалысады
- Ата-аналармен және меценаттармен байланыс орнатады
Тәртіп пен әділеттілікке үлес қосу
- Мектеп басшысының тәртіптік жауапкершілігі мәселесінде өз пікірін білдіреді
- Жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасайды
Қамқоршылық кеңес 3 жыл мерзімге сайланады.
- Мүшелер саны – тақ сан, кемінде 7 адам.
- Құрамы: ата-аналар, ардагер мұғалімдер, мемлекеттік орган өкілдері, ҮЕҰ, меценаттар, БАҚ және оқушылар ұйымының өкілдері.
- Кеңес мүшелері жергілікті комиссия шешімімен іріктеліп, жергілікті білім бөлімінің бұйрығымен бекітіледі.
- Кеңес тоқсанына кемінде бір рет отырыс өткізеді.
- Шешімдер ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
- Кеңес төрағасы мен хатшысы сайланады.
- Хатшы – кеңес мүшесі емес тұлға болуы мүмкін (мысалы, мектеп қызметкері).
- Қажет жағдайда онлайн отырыс өткізуге болады.
- Кеңестің жұмысы хаттамамен рәсімделеді, ал шешімдері білім беру ұйымының ресми бетінде жарияланады.
Қорыта келе: Қамқоршылық кеңес – бұл мектеп пен қоғам арасындағы сенімді көпір. Оның басты мақсаты – оқушылардың сапалы білім алуына, қауіпсіз ортада дамуына, мектептің әділ және ашық басқарылуына қол жеткізуге ықпал ету. Қамқоршылық кеңестің белсенді және жүйелі жұмысы мектеп өмірін жақсартуға, ата-аналардың сенімін арттыруға және қоғаммен байланысты нығайтуға жол ашады.
2- ші мәселе бойынша Әлеуметтік педагог С.Қ. Шоқпарова сөз алды: Құрметті Қамқоршылық кеңес мүшелері! Жазғы демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды сауықтыру және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында мектеп жанындағы “Балдәурен” жазғы сауықтыру лагерь өз жұмысын бастайды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 158 бұйрығына 11-қосымша сәйкес төмендегі құжаттар қабылданатыны жөнінде өңдірістік жиналыста сынып жетекшілерге хабарланды.
1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға; Анықтама
2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға; ең төменгі күнкөріс деңгейі 46228 мың.
3) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға;
4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
5) білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына қаржылық және материалдық көмек көрсету тәртібін айқындайды. Сынып жетекшілерінің мәліметіне сәйкес, мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж оқушылар саны —136 оқушы І-кезеңге тиісті құжаттары тапсырды. Олардың ішінде:
Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасынан шыққан – 34 оқушы.
Көпбалалы отбасынан шыққан — 66 оқушы;
Толық емес отбасынан шыққан — 22 оқушы;
Ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасы 14 оқушы
Қорытындылай келе — аталған санаттағы оқушыларды жазғы кезеңде мектеп жанындағы лагерьмен қамту олардың демалысын мазмұнды өткізуге, психоэмоционалдық жағдайын жақсартуға, қарым-қатынас орнатуға және қоғаммен белсенді араласуына оң әсерін тигізеді деп есептеймін.
Ұсынысым- Осыған орай, әлеуметтік көмекке мұқтаж 102 оқушыны мектеп жанындағы лагерьге тегін негізде қабылдауға рұқсат беруіңізді сұраймын
Сөйлеушілер:
Кеңес мүшесі – Мырзатаева Б.М: Ұсынысты толығымен қолдаймын. Жаз мезгілінде балалардың бос уақытын тиімді өткізуі өте маңызды. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар үшін бұл – үлкен мүмкіндік.
Кеңес мүшесі – Байлиев Т.А: Бұл – өте орынды ұсыныс. Әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың назардан тыс қалмауы – біздің басты міндетіміз. Лагерьде олар әрі демалып, әрі түрлі пайдалы шараларға қатысады. Қолдаймын.
Кеңес мүшесі – Әкбарова М.Қ: Оқушылардың қауіпсіздігі мен демалысы жақсы ұйымдастырылса, бұл бастаманың берері мол. Мұндай қолдау балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың психологиялық жағдайына да оң әсер етеді.
3 – ші мәселе бойынша мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мураталиева И.С сөз алып, 2025-2026 оқу жылында оқушыларға арналған бірыңғай мектеп формасының үлгілерін ұсынды. Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қойылатын талаптарына сәйкес болуы тиіс екенін еске салды.
Ұсынылған мектеп формасы:
- Ұл балалар үшін: ақ жейде, қою жасыл түсті жилет, қара шалбар.
- Қыз балалар үшін: ақ жейде, қою жасыл түсті жилет, қара юбка
- Мектеп логотипі бар белгі (эмблема) форманың оң жақ өңіріне орналастырылады.
Сөйлеушілер:
- Кеңес мүшесі – Гульсана Шортаевна:
Ұсынылған форма қарапайым, ұқыпты әрі оқушылардың жас ерекшелігіне сай деп есептеймін. Түстік гаммасы да көзге жағымды. Қолдаймын. - Кеңес мүшесі – Ботагоз Бекбатырқызы:
Мектеп формасы – оқушылардың тәртіп пен жинақылыққа үйренуіне әсер ететін маңызды фактор. Ер балалар мен қыздарға арналған үлгілер сәтті таңдалған. Бағасы да қолжетімді болуын ескеру қажет. Қолдаймын. - Кеңес төрағасы — Есентүгел Аманкелдіұлы:
Мектеп формасы оқушының сырт келбетін ғана емес, оның ішкі тәртібін де қалыптастырады. Бірыңғай форма – мектептің біртұтас мәдениеті. Ата-аналарға алдын ала хабар беріліп, арнайы дүкендермен келісім жасалса, бұл мәселе қиындық тудырмайды. Осы үлгіні бекітуді ұсынамын.
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
1. Қамқоршылық кеңес мүшелері, төрағасы мен хатшысы туралы
1.1. Қамқоршылық кеңесінің жаңа құрамын бекітілсін.
1.2. Кеңес төрағасы ретінде Ази Есентүгел Аманкелдіұлы мырза сайлансын.
1.3. Кеңес хатшысы ретінде Ешова Акерке Кусаумирзаева бекітілсін.
2. Қамқоршылық кеңестің жұмыс ережесі туралы
2.1. Қамқоршылық кеңестің жұмыс ережесімен кеңес мүшелері таныстырылсын.
2.2. Жұмыс ережесі бірауыздан мақұлданып бекітілсін.
3. Әлеуметтік көмекке мұқтаж оқушыларды жазғы лагерьге жіберу туралы
3.1. Әлеуметтік көмекке мұқтаж 102 оқушыны мектеп жанындағы «Балдәурен» жазғы демалыс лагеріне тегін негізде қабылдау мақұлдансын.
3.2. Әлеуметтік педагогқа лагерьге жіберілетін оқушылардың құжаттарын ресімдеуді ұйымдастыру тапсырылсын.
3.3. Қамқоршылық кеңесі тарапынан қосымша қолдау мүмкіндіктері қарастырылсын.
4. 2025-2026 оқу жылына арналған мектеп формасы туралы
4.1. Ұсынылған мектеп формасы бекітілсін.
4.2. Ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мектеп әкімшілігіне жүктелсін.
Қамқоршылық кеңес төрағасы: Ази Е.А
Хатшы: Ешова А.К




