“№82 жалпы білім беретін орта мектебі” КММ-де кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлармен (ИДН) тұрақты әрі жүйелі өзара іс-қимыл жолға қойылған.
ИДН инспекторлары мектепке бекітілген жоспарға сәйкес келіп, оқушылармен профилактикалық бағыттағы кездесулер, түсіндіру әңгімелері және ақпараттық жұмыстар жүргізеді. Бұл кездесулер барысында оқушыларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының негізгі талаптары, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ құқықбұзушылық жасаудың салдары жан-жақты түсіндіріледі. Және де мектепте орын алған құқықбұзушылықтар кезінде шақырту бойынша келіп, құқықтық-профилактикалық кеңес отырыстарына жүйелі түрде қатысып тұрады.
Кездесулер кезінде оқушылардың қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелеріне ерекше назар аударылып, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениеті, жол қозғалысы қауіпсіздігі, интернеттегі қауіпсіздік, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрудің заңмен шектелуі туралы нақты ақпараттар беріледі. Сонымен қатар буллинг, әлімжеттік, төбелес, ұсақ құқықбұзушылықтар және олардың құқықтық жауапкершілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
ИДН инспекторлары мектеп әкімшілігімен, психологпен және әлеуметтік педагогпен бірлесіп, тәуекел тобындағы оқушылармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіп, олардың мінез-құлқын түзетуге бағытталған ұсыныстар береді. Қажет болған жағдайда ата-аналармен бірлескен кездесулер ұйымдастырылып, баланың қауіпсіздігі мен тәртібіне қатысты ортақ шешімдер қабылданады.
Аталған жұмыстардың барлығы оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға бағынатын, жауапкершілігі жоғары тұлға тәрбиелеуге және мектепте қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.



