Ақтөбе қаласы, Қарғалы ауданы, 18А елді мекенінде орналасқан №82 жалпы білім беретін орта мектебі өзінің есігін айқара ашып, оқушыларға сапалы білім беру мақсатында заманауи мүмкіндіктермен жабдықталған жаңа оқу орнын ұсынды. Бұл мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған және елімізде білім беру саласын дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Әрбір мемлекеттің болашағы жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты және мәдениетті азаматтардан тұрады. Сондықтан да Қазақстан өз балаларын сапалы біліммен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Мектептің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біздің балаларымыз тұрғылықты жері мен оқу тіліне қарамастан сапалы білім алуы тиіс» деген міндетін орындау. Жаңа мектеп оқушылардың қажеттіліктеріне толық жауап бере отырып, сапалы білім алуға мүмкіндік туғызады. Мектептің оқу блоктары әртүрлі жас ерекшеліктеріне арналған және оқушылардың зерттеу дағдыларын қалыптастыру үшін заманауи жабдықтармен толыққан. Сонымен қатар, робототехника, STEM зертханалары мен компьютерлік сыныптар оқушыларға ғылым, технология, инженерия және математика салаларында терең білім алуға мүмкіндік береді.
Мектепте 52 оқу кабинеті бар, соның ішінде 28 бастауыш, 7 мектепалды даярлық тобы, 14 ағылшын кабинеті, STEM зертханасы, робототехника кабинеті, химия, физика және биология пәндеріне арналған арнайы кабинеттер, музыка, бейнелеу өнері, тігін және алғашқы әскери дайындық кабинеттері бар. Сонымен қатар, заманауи кітапхана, оқу залы, коворкинг аймақтары, балалардың белсенді ойындар үшін жабдықталған алаңдары да мектептің бөлек ерекшеліктерінің бірі.
Оқу орнында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған жағдайлар толық жасалған. Мектепте мүгедектігі бар балалар мен мобильділік мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы бейімделген мүмкіндіктер бар.
Облыс әкімі Шахаров Асхат Берлешұлы жаңа мектептің ашылуымен барлық оқушылар мен педагогтарды құттықтап, бұл білім ордасының аймақтың мәдени және спорттық өмірінің орталығына айналатынына сенім білдірді. «Ең бастысы, қазіргі заманғы стильде салынған оқу орнында өскелең ұрпаққа сапалы білім беру үшін толыққанды жағдайлар жасалса деймін. Бұл оқу орны тек білім беру ордасы ғана емес, қаламыздың спорттық және мәдени өмірінің орталығына айналады деп үміттенеміз», – деп атап өтті облыс әкімі.
Мектепте барлық оқушылар үшін сапалы білім беру мақсатында барлық қажетті жағдайлар жасалған. Оқытудың бірінші ауысымда жүргізілуі, асхананың жалпы сыйымдылығы 444 орынға дейін жететіндігі, сондай-ақ мәжіліс залы мен 50 орындық кітапхана барлық оқушылардың зияткерлік және мәдени дамуына ықпал етеді.
Бұл мектеп Ақтөбе облысындағы алғашқы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ашылып жатқан оқу орындарының бірі болып табылады. Мектеп оқушыларына сапалы білім мен заманауи оқу мүмкіндіктерін ұсына отырып, оларды болашақта үлкен жетістіктерге жетелейтін орынға айналады.
Ақтөбе облысындағы №82 жалпы білім беретін орта мектебі оқушылар мен педагогтардың жаңа білім алу жолындағы табысты қадамдарын күтіп отыр.


